Қоғам

Қазіргі қиындықтарды жеңіп шығатынымызға ешқандай күмәнім жоқ – президент

Президент бюджеттен, Ұлттық қордан қыруар қаржы бөлініп, ең алдымен қарапайым халыққа көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik.  Қазіргі ахуал күрделі, бірақ Қазақстан халқы бірліктің арқасында осы қиындықтарды жеңіп шығады. Бұл туралы  мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада әскери жиынға шақырылған әскери қызметшілермен кездесуі кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.   

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға шақырылған әскери қызметшілердің алдында сөйлеген сөзінде олардың ел үшін қызмет етуге келгендеріне ризашылығын білдірді.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттен әлеуметтік төлем алуға құқылы азаматтар тізімі өзгерді 

"Сіздер өте маңызды жұмыс атқарып жатсыздар. Бұл – нағыз патриотизмнің көрінісі. Қазір адамдардың көбі патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік туралы көп әңгіме айтады. Бірақ нақты іске келгенде бұғып қалады. Ал сіздер еліміз, Отанымыз үшін өз еріктеріңізбен осында қызмет етуге келіп отырсыздар. Сондықтан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын", – деді жоғарғы бас қолбасшы.

Президент халқымыздың осы уақытша қиындықты еңсеретініне сенім білдірді.

"Қазіргі ахуал күрделі. Бірақ бәріміз бір ұлт, бір халық болып осы қиындықтарды жеңіп шығатынымызға ешқандай күмәнім жоқ. Бәрі жақсы болады. Біз, ең алдымен, қарапайым халыққа көмек көрсетіп жатырмыз. Бюджеттен, Ұлттық қордан қыруар қаржы бөлінді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Оның айтуынша, ең алдымен биліктің алдында тұрған мақсат – қарапайым халыққа колдау көрсету.

"Халықсыз ешқандай экономика болмайды. Сондықтан патриотизм деген бұл қасиетті ұғымды нақты іспен дәлелдеу керек", - деп түйіндеді президент.