Қоғам

Қарттар үйіне коронавирусты кім "кіргізгені" белгілі болды 

Науқастардың астана, Ақмола облысының Аршалы ауданы мен Көкшетау қаласындағы ауруханаларға жатқызылғаны айтылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Ақмола облысы Малотимофеевка ауылындағы қарттар үйінің тұрғындары вирусты сол орталықтың қызметкерінен жұқтырған. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Эпидемологиялық тергеу барысында вирус кімнен тарағаны анықталды. Бұл сол қарттар үйінің қызметкері. Орталық толығымен дезинфекцияланды", - деді Ақтаева онлайн брифингте. 

Ол сол уақытта әлеуметтік орталықта 147 қария мен 74 қызметкер болғанын атап өтті. 

"Барлығы полимеразды тізбекті реакция әдісімен тексерілді. Қарттар үйінің 38 тұрғыны мен үш қызметкерінен вирус табылды", - деді вице-министр. 

Науқастар астана, Ақмола облысының Аршалы ауданы мен Көкшетау қаласындағы ауруханаларға жатқызылған.

Ақтаеваның айтуынша, екі қария ауыр хәлде жатыр, біреуі жасанды тыныс алдырту аппаратына, екіншісі эксракорпоралды оксигенация аппаратына қосылған.