Қоғам

Коронавирус жұқтырған 21 адам ауыр халде жатыр

Қазіргі уақытқа дейін елде 240 адам індеттен айықты, 16 адам көз жұмды. Денсаулық сақтау вице-министрі індетке шалдыққан жайлы айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева індетке шалдыққандардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"21 пациенттің жағдайы ауыр, 169 науқастың денсаулығы орташа. Бір адам экстракорпоралды мембранды оксигенация аппаратына қосылған. Бұл қанның аппарат арқылы оттегімен қанығуы", - деді Ақтаева онлайн брифингте.  

Тиісті емдік шаралардан кейін бес пациент жасанды тыныс алдырту аппаратынан алынған. Қазір өздері демалады. 18 адам беті бері қараған соң, жансақтау бөлімінен басқа бөлімшеге ауыстырылды. 
Соңғы дерек бойынша елімізде 1290 адам коронавирус жұқтырған. Ең көп науқас елорда мен Алматы, Қызылорда облысында тіркеліп отыр. 

"Өткен тәулікте 141 пациент тіркелді, өсім 12,9 процентті құрап отыр. Тәулігіне ең көп тіркелгендер саны Алматы қаласында – 88 адам, 31 процент. Нұр-Сұлтанда 22 процент, өсім - 8,5 пайыз", - деді ол.

Тағы оқыңыз: Шымкентте көз жұмған науқас туралы ақпарат шықты

Қазіргі уақытқа дейін елде 240 адам індеттен айықты, 16 адам көз жұмды.