Қоғам

Алматы тұрғыны мен инспектордың жанжалы: оқиғаға нүкте қойылды

Алматы полициясының өкілдері патрульдік топ пен екі ер адамның арасындағы жанжалдың толық бейнежазбасын зерттеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Алматы тұрғыны мен оның жолдасы полицияның патрульдік тобына бағынбады. Оқиғаны видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде толық емес ақпаратты жариялағаны үшін бірі сотталып, екіншісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Кешеден бері Алматы тұрғыны мен полиция өкілінің жанжалы көрсетілген бейнеролик әлеуметтік желіде таралып, қызу талқыға түсті.

Алматы полициясы видеодағы оқиғаға қатысушылардың барлығын анықтап, жағдайдың қалай болғанын нақтылады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Алматы | Almaty (@almaty_city)

Оқиғаның толық видеосын зерттеу нәтижесінде, жеке қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері екі жігіттің жанжал тудырып, полицей мен екі сарбазға бағынбағаны анықталды.

"Бұл оқиға бір күн бұрын Алматы қаласының Медеу ауданында, Қайырбеков пен Гоголь көшесінің қиылысында орналасқан тұрғын үй кешенінің жанында болған. Патрульдік топтың карантин ережесін сақтау керек екені туралы ауызша ескертуіне екі ер адам жауап қайтара бастаған. Олардың бірі учаскелік инспекторға бағынбай, оның киімін жыртып тастаған", – деп хабарлады Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция өкілдері әлеуметтік желілерде тараған видео толық емес екенін айтты. Тұрғындар полицейлерді кінәлі етіп көрсету үшін бейненің жартысын қысқартып тастаған.

"Тергеу барысында оқиғаға қатысушылардың бірінің әрекеті қылмыстық кодекстің 379-бабы ("билік өкіліне бағынбау") бойынша қарастырылды. Кейіннен күдіктінің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Ал оның досы төтенше жағдайды бұзғаны үшін әкімшілік кодекстің 476-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, заңға сәйкес, полиция қызметкеріне бағынбаған адамға екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады (5 миллион 556 мың теңге) немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.