Экономика

Қазақстан президенті ОПЕК+ келісіміне қатысты пікір білдірді

ОПЕК+ келісімі аясында Қазақстан мамыр-маусым айында мұнай өндіруді тәулігіне 390 мың баррельге азайтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің бейнеконференция формасында өткен отырысында Ресей федерациясының ОПЕК+ келісімі бойынша жетістікке жету жолындағы күш-жігерін Қазақстан жоғары бағалайды деп мәлімдеді.

"Біз ОПЕК+ шеңберіндегі өндірісті қысқарту және энергетикалық нарықтағы тепе-теңдікті қалпына келтіру туралы келісімді қолдаймыз. Ресей федерациясының осы келісім бойынша жетістікке жету жолындағы күш-жігерін жоғары бағалаймыз", – деген Тоқаевтың пікірі Ақорданың Twitter-дегі парақшасында жарияланды.

Мемлекет басшысы Қазақстан келіссөздерге бақылаушы ретінде қатысқанын және мұнай өндіруді айтарлықтай қысқартуға келіскендігін атап өтті.

Оқи отырыңыз: ОПЕК+ келісімінің нәтижесі: Қазақстан қандай бағыт ұстанды

Айта кетейік, ОПЕК+ және оған мүше емес елдер 12 сәуірде мұнай өндіруді мамыр-маусым айында тәулігіне 9,7 миллион ​​баррельге, екінші жартыжылдықта 7,7 миллионға ​​және 2022 жылдың сәуір айының соңына дейін 5,8 миллионға қысқартуға келіскен болатын.