НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Президентттің жарлығымен Қазақстанда төтенше жағдай режимі 1 мамырға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы" президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығымен енгізілген Қазақстан Республикасының барлық аумағындағы төтенше жағдайдың қолданысы 2020 жылғы 1 мамырдағы 07 сағат 00 минутқа дейін ұзартылсын", - делінген президенттің жарлығында.
Тоқаев үкіметке орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жарлықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Жарлық қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Төтенше жағдай режимі
Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай режимі президенттің жарлығымен 16 наурызда бір айға енгізілген еді.
Еске сала кетсек, 13 наурызда алғашқы вирус жұқтырғандар туралы хабарланды. Содан бері елімізде күнде дертке шалдыққандар анықталуда. Әуелі Нұр-Сұлтан мен Алматы, кейін басқа өңірлер мен қалалар карантинге жабыла бастады.
Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 1179 адамға жетті. 142 адам сауығып шықса, 14 науқас көз жұмды.