Қоғам

Министр бір аптадан кейін кімдер толық жұмыс күніне көшетінін айтты

20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан және Алматыда күшейтілген карантинге қарамастан, бірқатар кәсіпорындар ашылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Үкімет Алматыда қай кәсіпорындардың жұмысқа шығатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, 20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан және Алматыда күшейтілген карантинге қарамастан, бірқатар кәсіпорындар ашылады. Нақты тізімі екі күннен кейін анықталады. Алайда салалар және жұмысқа шығатын адам саны белгілі.   

"Алматы қаласында сәуірдің үшінші онкүндігінде өнеркәсіптің барлық салалары – қоймалар, құрылыс, екінші деңгейлі банктердің 50 процентіне дейін, бағалы қағаздар нарығы және қызмет көрсетудің кейбір секторлары толық жұмыс күніне көшеді. Қызмет көрсетудің ішінде техникалық жөндеу станциялары, шина жөндеу, көлік жуу және кеңсе техникасын жөндеу кәсіпорындары бар. Осының нәтижесінде Алматы қаласында 128 мың адам жұмысын жалғастырады", - деді Абаев бүгінгі онлайн брифингте. 

Оның сөзіне қарағанда, осы өзгеріс екі қалада бір уақытта енгізілсе де, жұмыс тәртібі жағынан өзгеріс болуы мүмкін. Себебі эпидемиялық жағдайы екітүрлі.

"Карантин талаптарының өзгерісі бірден емес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Әр кезеңде денсаулық сақтау министрлігінің қорытындысы есепке алынады. Қазір бірінші кезең туралы ғана сөз болып отыр. Бұл кезеңде ауру жұғу қаупі ең аз деген кәсіпорындар ғана іске қосылады", - деп атап көрсетті Абаев.  

Жұмысқа шығатын кәсіпорындарда санитарлық нормаларды сақтау мәселесіне баса назар аударылады. Талапты бұзу фактілері анықталса, қатаң шектеу шаралары қолданылады.