Қоғам

"100 мың адам жұмысқа шығады": астанада қандай кәсіпорындар ашылатыны айтылды

Министр кәсіпорындардың нақты тізімі 15 сәуірде анықталатынын айтты. Алайда халық тарапынан сұрақ көп түскендіктен, үкімет нақты қай саланың жұмысы жанданатынын жариялады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев астанада карантин кезінде ашылатын кәсіпорындарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Министрдің айтуынша, кәсіпорындардың нақты тізімі 15 сәуірде анықталады. Алайда халық тарапынан сұрақ көп түскеннен кейін үкімет нақты қай салада жұмыстың жанданатынын жариялағанды жөн көрді.

"Қазіргі кезде ауру жұғу қаупі ең аз деген кәсіпорындар іске қосылады. Бұндай кәсіпорындарда санитарлық нормаларды сақтау бойынша арнайы хаттамалар дайындалады. Оның орындауы тұрақты түрде тексеріледі. Егер кәсіпорын ол талаптарды бұзса, қатаң шектеу шараларын қолданамыз", - деді Абаев бүгінгі онлайн брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі 20 сәуірден бастап бірқатар секторда жұмыс істейтін кәсіпорындарды ашуға ұсыныс жасады. Олар:

  • өнеркәсіптік және индустриялық кәсіпорындар;
  • құрылыс компаниялары;
  • қыстан кейін жолдарды жөндейтін асфальт және бетон зауыттары;
  • екінші деңгейлі банктер;
  • химиялық тазалау және кір жуу орындары;
  • шинажөндеу орындары;
  • арнайы техникаларды жөндеу;
  • көлік жуу орындары.

"Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану орындарынан тамақ жеткізуді кешкі сағат 22:00-де дейін ұзарту ұсынылып отыр. Осылайша, барлық аталған кәсіпорындар бойынша 100 мыңға жуық адам жұмысын жалғастырады. Бұл – Нұр-Сұлтанда жұмыс істейтін халықтың шамамен 20 проценті", - деп атап көрсетті Абаев.