Экономика

ОПЕК+ келісімінің нәтижесі: Қазақстан қандай бағыт ұстанды

Бейнеконференция арқылы өткен ОПЕК+ елдерінің келіссөзінде 2022 жылдың мамыр айына дейінгі мұнай өндірісінің көлемі де нақтыланды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Қазақстан ОПЕК-тің мұнай өндірісін қысқарту жөніндегі келісімін қолдады, деп хабарлады энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

12 сәуірде бейнеконференция арқылы өткен ОПЕК+ елдерінің келіссөзі нәтижесінде мұнай өндірісін тәулігіне 9,7 млн ​​баррельге қысқартуға уағдаласқаны белгілі болды.

"Бейнеконференция барысында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Қазақстан бұрынғыдай сындарлы диалогты қолдайтындығын және әлемдік нарықтағы қиын жағдайды ескере отырып, мұнай өндірісін ұжымдық қысқартуға қатысуға дайын екенін айтты", – делінген хабарламада.

Энергетика министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, ОПЕК-ке мүше елдердің, сондай-ақ ОПЕК-тен тыс елдер министрлерінің вебинарынан кейін, 1 мамырдан бастап екі айдың ішінде тәулігіне 9,7 млн ​​баррельге мұнай өндірісін қысқарту туралы келісіміне қол қойылған.

"Қазақстан өз кезегінде келіссөз нәтижесінде қабылданған шешімді қолдады", – деді министрлік өкілдері.

Ал ОПЕК-тің баспасөз қызметі: "ОПЕК+ елдері жексенбідегі кездесуде мұнай өндіруді азайтуға келісті және одақтас емес ірі өндірушілерді мұнай нарығын тұрақтандыруға бағытталған күш-жігерге тиісті және уақтылы үлес қосуға шақырады", – деп хабарлады.

Оқи отырыңыз: Нарықты бірге сақтаймыз: ОПЕК+ келіссөзі қандай нәтиже беруі мүмкін

Сонымен, мамыр-маусым айларында ОПЕК+ елдері мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 миллион баррельге, шілдеден 2020 жылдың соңына дейін тәулігіне 7,7 миллион баррельге, ал 2022 жылдың мамырына дейін күніне 5,7 миллион баррельге қысқартады.

Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың жеткізілім фьючерсінің бағасы дүйсенбіде 4,4%-ке, барреліне 32,85 долларға дейін өсті.

WTI маркалы мұнай фьючерсінің бағасы 6,8%-ке өсіп, баррелі үшін 24,31 долларды құрады.