НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір - Sputnik. Бір отбасының мүшелерінен коронавирус инфекциясы табылды, олардың ең жасы 10 жаста, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
"1965, 1987, 1989, 1998 , 2004 және 2010 жылы туған бір отбасының мүшелері коронавирус жұқтырды. Олардың барлығы Арыс қаласының Наурыз шағын ауданында тұрады", - деп хабарлады әкімдік.
Соңғы мәлімет бойынша Түркістан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 43 адамға жетті.
Сонымен қатар Бәйдібек ауданындағы Мыңбұлақ ауылының 1987 жылы туған тұрғыны COVID-19 вирусын жұқтырған азаматпен жақын байланыста болған.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында коронавирус індетінен бір адам көз жұмды
Жалпы облыс бойынша Жетісай ауданында 14 адам тіркелген, оның ішінде 1956 жылғы азамат 4 сәуір күні қайтыс болды. Сондай-ақ, Кентауда 5, Ордабасы ауданында 2, Сайрам ауданында 2, Мақтарал ауданында 4, Арыста 14, Сарыағашта 1, Бәйдібек ауданында 1 тұрғын індетке шалдыққан.
Барлық науқастың жағдайы қанағаттанарлық, шағымы жоқ. Вирус жұқтырғандар қазіргі уақытта оқшауланып, тиісті ем қабылдауда.