Қоғам

Алматының бас санитары дәрігерлердің қалай ауру жұқтырғанын айтты

Алматыда 37 медицина қызметкерінің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды, қазіргі уақытта аурудың кімнен тарағаны анықталған
Sputnik

АЛМАТЫ, 13 cәуір – Sputnik. Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова медицина қызметкерлерінің қалай инфекция жұқтырғаны жайлы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"11 сәуірден бастап қалада 37 медицина қызметкерінің ауру жұқтырғаны анықталды, оны жетеуі балалар жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкері. Қалалық орталық клиникалық ауруханада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар бар. Аурудың кімнен таралғаны анықталды. Ол наурыздың соңында МРТ жасатқан науқас. Кейін ол сол бөлімнің дәрігері және медбикесімен байланыста болған", - деді Молдағасымова.

Бас санитар дәрігердің айтуынша, дәрігерлер дене қызуы жоғары болағанына қарамастан жұмысқа келуін тоқтатпаған.

"Ауру анықталған медицина қызметкерлерінің сөзіне сенсек, коронавирус инфекциясы анықталғанға дейін оларда ауру белгілері болған. Соған қарамастан олар бірнеше күн бойы жұмысқа келуін тоқтатпаған. Дене қызуын түсіретін дәрілер ішкен. Біз бәріміз адамбыз, бұл инфекция бізге жұқпайды деп ойлаймыз. Мүмкін осы жағдай аурудың таралуына ықпал етті", - деді Молдағасымова.

Сонымен қатар қаланың бас санитар дәрігері әр адамның денсаулығы өзіне байланысты екенін айтты.

Молдағасымованың айтуынша, қаладағы барлық стационар қызметкерлері тексеруден өтіп жатыр. Соның нәтижесінде қалалық орталық ауруханада вирус жұқтырған қызметкерлер тіркелді.

Дәл осындай жұмыстарды саябақ, базарларда жүргізу басталды. Сонымен қатар коронавирустың алдын алу шараларына қатысы бар құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери құрылым өкілдерін тексеру басталды.