Қоғам

Карантинде жұмысын жалғастыра алатын кәсіпорындар тізімі қашан шығады

Жұмысын қайта бастайтын нысандар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық режимді қамтамасыз етуге міндетті болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір – Sputnik. Елорданың төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі қалалық штабы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қалалық штаб коронавирустың таралу қаупі әлі жойылмаған айтты.

Бүгін, 12 сәуірде елордада инфекцияны жұқтырған тағы 7 адам тіркелді. Тұрғын үй кешенінің 4 кіреберісі мен жатақхана карантинге жабылды. Бұған дейін коронавирус жеке такси жүргізушісінде және №1 автобус паркінің қызметкерінде анықталды. Олармен байланыста болғандардың ішінде медицина қызметкерлері де бар. 

"13 сәуір күні мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтеді. Отырыста жұмысын қайта бастай алатын кәсіпорындардың нақты тізімі қаралады. Кәсіпорын қызметі біртіндеп жаңартылады. Алайда жұмысын қайта бастайтын нысандар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық режимді қамтамасыз етуге міндетті болады. Карантин режимінің өзгеруі туралы ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайтында шығады", - делінген ресми мәлімдемеде.

Бұрынғыдай үйден азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық қызмет пен жұмысқа бару үшін ғана шығуға болады.

Адам көп жиналатын орындар - кинотеатрлар, сауда ойын-сауық орталықтары, клубтар, мейрамханалар/кафелер (онлайн-тапсырыстардан басқа) жабық қала береді. Қоғамдық көлік жүрмейді.