НҰР-СҰЛТАН, 11 сәуір – Sputnik. Қытай миллиардері Джек Маның қоры Қазақстанға медициналық қорғаныс құралдарын жіберді, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігі.
Гуманитарлық жүк Алматыға 10 сәуірде жеткізілді.
Қытай миллиардері Қазақстанға 4,5 тонна гуманитарлық көмек жіберді
© Photo : МИД Казахстана
"Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қолдауымен Шицзячжуан қаласынан (Хэбэй провинциясы) "Джек Ма" және "Alibaba" қорларынан медициналық қорғаныс құралдары келді", - делінген хабарламада.
4,5 тонна болатын гуманитарлық жүктің ішінде 500 мың түрлі медициналық маска, 5 мың қорғаныш костюм, 50 мың медициналық қолғап, сондай-ақ термометрлер бар.
Сонымен қатар, алдағы күндері бұл қорлар Қазақстанға СOVID-19 вирусын анықтайтын экспресс-тесттер мен жасанды тыныс алу аппараттарын жібермек.