Қоғам

Президент дәрігерлерге үстемеақы төленгеннен кейін шағым түскенін айтты

Тоқаев жергілікті билік басқа санаттағы медицина қызметкерлерінің мәселесін шешуден шет қалмауы керек екенін атап өтті  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияға медицина қызметкерлерінің үстемеақы алғанын қатаң қадағалап, ашықтықты қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президент алғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.

"Біріншіден, төтенше жағдай кезінде қосымша ақыға үміткер барлық дәрігер тиісті үстемеақысын уақытында алуы тиіс. Алғашқы төлемдер басталды. Сонымен бірге төлем жасала басталысымен аударылған сомаға, алушыларға қатысты сұрақтар мен шағымдар түсе бастады, менің атыма да келіп жатыр. Мемлекеттік комиссия үстемеақының қысқа мерзімде алушыларға жетуін қатаң бақылауды және ашықтықты қамтамасыз етуі тиіс", - деді Тоқаев комиссияның отырысында.

Ол мемлекет коронавирус жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне көмектескенін айтты. Олардың саны отыз мыңға жуықтайды.  

"Жергілікті билік басқа санаттағы медицина қызметкерлерінің мәселесін шешуден шет қалмауы керек. Өңірлер өз мүмкіндіктеріне қарай дәрігерлер мен медбикелерді материалдық тұрғыдан қолдауы қажет деп санаймын", - деді президент.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда төтенше жағдай режимі ұзартылды

Айта кетсек, мемлекет басшысы елдегі төтенше жағдай режимін сәуір айының соңына дейін ұзартты.

Дәрігерлерге төленетін үстемеақы

Бұған дейін үкімет коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне берілетін үстемеақының мөлшерін жария етті.

Төлем вирусты жұқтыру қаупі бар үш топқа 3 ай ішінде төленеді:

  • "Қауіптілігі аса жоғары" — жансақтау бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы 20 ең төменгі жалақыны құрайды – 850 мың теңге;
  • "Қауіптілігі жоғары" – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемақы 10 ең төменгі жалақы – 425 мың теңгеге тең;
  • "Қауіптілігі орташа" – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және т. б. Үстемақы 5 ең төменгі жалақы – 212,5 мың теңге.