НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Қоқысқа арналған пакеттерден костюм киіп жүргендер дәрігер емес, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрген азаматтар екені белгілі болды. Олар Тараздағы онкологиялық дертке шалдыққан адамдарға көмектескен.
Пакет киген "дәрігерлер"
Желіде дәрігерлер коронавирустан қорғану үшін қоқысқа арналған пакет киюге мәжбүр деген видео тарады. Ол 8 сәуір күні Таразда түсірілген.
"Видеоға онкологиялық дертке шалдыққандарға қолдау көрсететін "Амазонка" қоғамдық қорының қызметкерлері түсірілген. Ол үкіметтік емес ұйым, мемлекеттік медициналық мекемелерге қатысы жоқ", - деді Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Қанат Құлшманов.
Видео түсірген тұрғын оларды дәрігер деп ойлап қалған.
"Біз онкологиялық дертке шалдыққандарға көмектесетін қоғамдық ұйым мүшелеріміз. Бізді туысы жоқ, жүре алмайтын науқасқа көмектесуге шақырған болатын", - деді қор директоры Анжелика Сарьян.
Ол қор мүшелері коронавирус жұқтыруы мүмкін деген адамдарға бармайтынын жеткізді.
50 жастағы видео авторы қазақстандықтардан кешірім сұрап, тағы бір видео жариялады.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі бұл видео Қазақстанда түсірілмегенін айтқан болатын.