Өңірлер

Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс науқаны қалай жүргізіліп жатқанын айтты

Қазіргі кезде оңтүстік өңірлерде егіс науқаны басталып кетті, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 22,5 миллион гектар болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрілігі көктемгі егістік жұмыстары бойынша есеп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Вице-министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 22,5 миллион гектарды құрайды. Соның ішінде майлы дақылдардың алаңы 3 миллион гектарға өседі. Көкөніс алқаптары да кеңейтіледі. Ал қант қызылшасы, мақта мен темекінің егіс көлемі 132 мың  гектарға дейін азаяды.

"Мысалы, қақақұмықты 30 мың гектарға арттыру жоспаланып отыр. Бұл өзімізді осы дақылға деген қажеттілікті толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді Сапаров бүгінгі онлайн-брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, тұқым қоры бар. Жоғары өнім алу үшін жергілікті бюджеттерде тыңайтқыштарға 23,3 миллиард теңге қарастырылған. Осы ақшаға 480 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар сатып алынады. Республикалық бюджеттен қосымша 2,8 миллиард теңге қаражат бөлінген. Ал пестицидтерді субсидиялауға жалпы 36 миллиард теңге қарастырылып отыр. 

"Биыл бірінші рет гербицидтер ғана емес, басқа да пестицидтер субсидияланатынын атап өткім келеді, ол  - фунгицидтер мен инсектицидтер. Жалпы бұл егістіктердің фитосанитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп атап көрсетті Сапаров.

Қазіргі кезде оңтүстік өңірлерде егіс науқаны басталып кетті. Мәселен, Жамбыл облысында егістік алқаптарының 249,5 мың гектары (67%), Түркістан облысында – 167,5 мың га (25,5%), Алматы облысында – 97,1 мың га (15,6%), ал Қызылорда облысында 23,9 мың гектарда (17,6%) тиісті жұмыстар атқарылды.

"Әрине, карантинді аймақтардың ішінде және сыртында орын ауыстыру барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды толық сақтай отырып жүзеге асырылатын болады. Шаруашылықтар мен сервистік компаниялар қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен және антисептикалық құралдармен қамтамасыз ететін болады", - дейді вице-министр.