АЛМАТЫ, 7 сәуір – Sputnik. Алматы облысы Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны өзге біреудің үйіне кіріп, ішімдік ішкен жерде ұйықтап қалған, деп хабарлады Polisia.kz порталы.
Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны полицияға хабарласып, үйіне бөгде адамның кіріп кеткенін айтқан. Полиция сол ауылдың 45 жастағы тұрғынын бөтен біреудің үйінде ұйықтап жатқан жерінен тапты.
Оқи отырыңыз: Полицейге жөтелген ер адамның басы бәлеге қалды
Үй иесінің айтуынша, анасы екінші қабатта тазалық жұмыстарын жүргізіп жүргенде ер адам үйге ашық тұрған есіктен кірген. Ол ұйықтағанға дейін қонақ бөлмені алаңсыз ақтарған көрінеді. Өйткені, сақтаулы тұрған коньяк пен арақ-шарапты және тәттілерді тауып алған соң, сол жерде ішіп-жеп, ұйықтап қалған.
"Полиция қызметкерлері оны оятқан кезде өзінің бөтен үйде қандай мақсатпен жүргенін түсіндіре алмады. Мастығы тарқаған соң оған қылмыстық іс жүргізу кодексінің 156-бабына сәйкес, сотқа келу туралы мiндеттеме тағайындалды", – делінген хабарламада.
Қылмыстық кодекстің 149-бабының 2-бөлігіне сәйкес, ер адам тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзғаны және заңсыз тінту жүргізгені үшін сотқа шақырылады. Күдіктіге бұл әрекеті үшін айыппұл төлеу немесе екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.