НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Қазақстанда коронавирус жұқтырған пациенттердің арасында 45 бала бар. Бұл туралы елдің бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жалпы республикада коронавирус жұқтырған 45 бала тіркелді. Оның ішінде төртеуі ауруханадан шықты. Олардың жағдайы жеңіл", - деді Есмағамбетова онлайн брифингте.
Бұған дейін ол елімізде 120 медицина қызметкері індетке шалдыққанын мәлімдеді.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 604 науқас тіркелген.
"Олармен байланыста болған 17 342 адам анықталды. Оның 463-і елден кеткен, қалған 16 879 адам табылып, 6 175-і ауруханаға жатқызылды. Үй карантиніне 10 383 адам орналастырылды", - деді бас санитар дәрігер.
Айтуынша, бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр.