НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. "Күнделік.кз" электронды жүйесінің қолданушылары техникалық ақаулыққа шағымданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жоба жетекшісі Мұхтар Ілиясовтың айтуынша, "Күнделік.кз-ке" бес сағаттың ішінде 1 миллионға жуық адам кіруге тырысқан. Содан интернеті баяу аймақтарда ақау шыққан.
"Таңертең сағат 8.00-ден бастап 13.00-ге дейін шамамен бір миллион бірегей қолданушы, нақты айтсақ, 985 мың адам жүйеге 30 миллион рет кіруге тырысқан. Ондай жүктеме ешқашан болмаған. Соның салдарынан кейбір жерлерде ақаулық болған. Ол қолданушылардың 20 процентін қамтыды. Әсіресе, интернет жылдамдығы баяу жерлерде ақаулық қатты байқалды", - дейді Ілиясов.
Оның сөзіне қарағанда, мұғалімдер тапсырманы бергенде, ал оқушылар оны орындаған кезде тым ауыр файлдарды жүктеген. Оның көлемі 400 мегабайтқа дейін жетеді. Осыған байланысты түстен кейін ауыр файлдарға шектеу қойылды.
"Біз бір мұғалімнің тұтас бір сабақты – 400 мегабайттық видеотапсырманы жібергенін көрдік. Тура сондай видеоны оған оқушы үй жұмысы ретінде жіберді. Осындай қызықты жағдайлар болды", - деп атап өтті Ілиясов.
Оқи отырыңыз: Министр оқушылар үшін төртінші тоқсан қашан аяқталатынын айтты
Бүгін "Күнделік.кз" жобасына шамамен 4 мың хат түскен. Телефон шалғандар да көп болды.
Ілиясовтың айтуынша, бір минуттың ішінде "Күнделік.кз-ке" орташа есеппен 60 мың адам кірген, кей кезде осы көрсеткіш 150 мыңға дейін барған. Бұдан бөлек, екі DDoS-шабуыл тіркелді. Мамандар оның бәрін қайтарды.
"Қашықтан оқытуға сұраныс күрт өсті. Біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, электронды жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне күш салып жатырмыз. Алғашқы күні жұрт дүрлікті. Дегенмен одан кейін бәрі ойдағыдай болады деп сенеміз", - дейді Ілиясов.
Айта кетейік, Қазақстанда төртінші тоқсан басталды. Сабақтар қашықтан ұйымдастырылады. Сәуірдің соңында мектеп оқушылары бақылау жұмыстарын екі-үш рет емес, бір рет қана тапсырады. Ал білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерден қашықтан оқыту бойынша фото және видео есептерді талап етуге тыйым салды. Ондайды талап еткен директорлар жұмыстан қуылады.