НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирусты анықтауға арналған жедел тест кімге жасалатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол коронавирусты анықтаудың негізгі әдісі полимеразды тізбек реакция диагностикасы екенін атап өтті.
"Менің қаулыммен жедел тестілеуден өтетін азаматтардың санаты белгіленді. Олар - жедел жәрдем қызметкерлері, өткір респираторлық вирусты инфекция белгілерімен ауруханаға жатқызылмағандар, науқастармен байланыста болған, вирус жұқтыру қаупі бар адамдар, ел аумағына автокөлік өткелі және теміржол арқылы кіргендер, сонымен қатар, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері", - деді Есмағамбетова онлайн брифингте.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 120 дәрігер коронавирус жұқтырды
Айтуынша, бүгінде Қазақстанға 96 мың тест жеткізілген. Жедел тестілеу Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүргізіледі.
Орта есеппен тәулігіне 500-ден 1000 тестке дейін өткізу жоспарланып отыр.