Өңірлер

Маңғыстау облысында коронавирус расталған екі адам туралы ақпарат шықты

Олардың 3 сәуірде инфекция расталған Қызылорда облысының тұрғынымен байланыста болғаны хабарланып отыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 6 сәуір – Sputnik. Маңғыстау облысының билігі коронавирус жұқтырған тағы екі науқас туралы ақпарат берді. Олар Маңғыстау облысында уақытша тұрып жатқан Өзбекстан азаматы, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев 6 сәуірде Маңғыстауда екі адамнан COVID-19 анықталғанын хабарлады.

"5 сәуірде №14 ықшам ауданында 38-үйден жедел жәрдеммен коронавирус жұқтыруы мүмкін төрт адам жеткізілді, екеуінде сынама теріс нәтиже берсе, екі адамнан коронавирус анықталды", - деді ол.

Сондай-ақ, басқарма басшысы инфекция анықталғандардың Өзбекстан азаматы екенін атап өтті. Олар 3 сәуірде инфекция расталған Қызылорда облысының тұрғынымен байланыста болған. Қызылордалықтармен байланыста болған 138 адам анықталып, оқшауланды.

"Өзбекстан азаматтары №14 ықшам аудан, 38 мекенжайында уақытша тұрып жатыр. Кіреберіс карантинге жабылды. Ол жерде әкімдік, полиция қызметкерлері және дәрігерлер кезекші болады. Дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дедіКүмісқалиев.

Науқастар провизорлық орталықтарда дәрігерлердің бақылауына алынды.

Сондай-ақ, Күмісқалиев бұған дейін вирус табылған үш науқастың жағдайын да тоқталды.

"Олар орташа ауыр жағдайда жатыр, өзгеріс жоқ. Барлық шара қабылданып жатыр", - деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.

Айта кетсек, Маңғыстау облысында бес адамнан коронавирус табылды. 3-15 сәуір аралығында облыс карантинге жабылды. 

Қазір Қазақстанда коронавирус 584 адамда расталды, ішінде 44 адам ауруханадан шықты, алты адам қайтыс болды.