Қоғам

Аймағамбетов неліктен қашықтан оқытудың сабақ кестесі болмайтынын түсіндірді

Министрдің айтуынша, қазіргі формат онлайн оқытудан басқаша, қашықтан оқыту интернет пен теледидар арқылы жүргізілетіндіктен, нақты бір сабақ кестесіне қажеттілік жоқ
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқыту кезінде нақты бір сабақ кестесі неге болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгін сабақ кестесіне қатысты сұрақтар көп түскен.

"Мысалы, 5-сыныпта ағылшын тілі болуы керек, бірақ ол пән сабақ кестесінде жоқ. Сол сияқты ата-аналар басқа сабақтарды да іздейді.  Негізі бұрын дәстүрлі тәртіппен оқыған кезде де барлық сабақ бір күнге қойылмайтын. Оларды әртүрлі күндерге қояды. Ең бастысы бізде жүктеме бар. Сосын мемлекеттік стандарт пен типтік оқыту бағдарламасын орындау қажет", - деді Аймағамбетов.  

Оның айтуынша, осы міндет телесабақтар мен интернет арқылы орындалады. Министр мұғалімдер де нақты сабақ кестесінің жоқтығына үйрене алмай жатқанын атап өтті.

Оқи отырыңыз: Білім министрі "Күнделікті" электронды үкіметпен салыстырды 

"Қазіргі жүйе – онлайн оқыту емес, қашықтан оқыту. Мысалы, онлайн режимі болса, мұғалім барлық оқушыны бір жүйеге қосып, тікелей байланыспен сабақ өткізсе, онда нақты бір сабақ кестесі болатын еді. Бірақ қазіргі формат басқаша, қашықтан оқыту интернет пен теледидар арқылы жүргізіледі. Ондайда нақты бір сабақ кестесінің қажеттілігі жоқ", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.