НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір – Sputnik. Дәрігерлер шымкенттік ер адамның коронавирустан қалай қайтыс болғанын айтып берді , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауованың айтуынша, 1964 жылғы ер адам - Түркістан облысының Мақтарал ауданына қарасты Атакент ауылының тұрғыны.
"Ол жүргізуші болып істеген. Мәскеу-Алматы бағытымен келе жатқанда транзитпен тоқтаған. Дене қызуына шағымдануына байланысты жедел жәрдеммен науқас 3 сәуір күні Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған", - деді Бекбауова.
Оның сөзіне қарағанда, науқасты бірден жансақтау бөліміне жатқызып, жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Науқастың өзге аурулары да болған. Соның ішінде қант диабеті және артериалды гипертензия бар. Бір жыл бұрын туберкулезбен ауырып шыққан.
"Бүгін түнде науқас жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Онымен қарым-қатынаста болған ұлы Алматы қаласында оқшауланып, стационарға жатқызылды ", - деп атап көрсетті Бекбауова.