НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір – Sputnik. Қазақстанда коронавирустан алтыншы адам қайтыс болды. Қайғылы оқиға Шымкент қаласында тіркелді. Ал Түркістан облысы бойынша індет жұқтырғандар саны тағы 2 адамға көбейді, деп хабарлайды coronavirus2020.kz сайты.
"Шымкент қаласында коронавирус індетінен бір науқас көз жұмды. Науқас 1964 жылы дүниеге келген", – делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, бұл коронавирус індетінен көз жұмған Қазақстандағы алтыншы науқас. Осы кезге дейін Нұр-Сұлтан қаласында – 1, Ақмола облысында – 2, Түркістан облысында – 1 және Қарағанды облысында – 1 қайғылы жағдай тіркелген.
Ал республика бойынша сауығып шыққан науқастар саны – 36.
Коронавирус жағдайы туралы ресми сайттың дерегінше, Түркістан облысындағы соңғы деректің бірі 1984 жылғы Жетісай қаласының тұрғынынан анықталған. Екінші жағдай Арыс қаласында тіркелді. 2015 жылғы сәби Наурыз ауылының тұрғыны, вирусты анасынан жұқтырған. Анасы Нұр-Сұлтан – Шымкент бағытында пойызбен келген әйелмен жақын байланыста болған.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында коронавирус індетінен бір адам көз жұмды
Қазіргі кезде науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, шағымы жоқ. Вирус жұқтырғандар оқшауланып, ем қабылдауда.
Аталған азаматтармен байланыста болғандарды анықтап, оқшаулау жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы өңірде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 25 адамға жетті. Жетісай ауданында – 13, Кентау қаласында – 2, Арыс қаласы – 2, Ордабасы –1, Сарыағаш – 1, Мақтаарал – 4, Сайрам ауданында – 2 адамнан вирус анықталды.