Саясат

Назарбаев облыс әкімдерімен не жайлы сөйлескені белгілі болды

Қазақстанның тұңғыш президенті өңір әкімдерімен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету дайындығын талқылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Елбасының баспасөз қызметі.

Әңгіме барысында өңірлердегі ахуал және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жергілікті биліктің дайындығы талқыланды.

"Бірінші кезекте Елбасына өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бағытында қабылданып жатқан шаралар мен елді мекендердегі медицина нысандарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жөнінде мәлімет ұсынылды", - делінген хабарламада.

Нұрсұлтан Назарбаевқа коронавирустың таралуына байланысты қиын жағдайға тап болған адамдарға "Nur Otan" партиясының өңірлік филиалдары тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау туралы баяндалды. Әкімдер төтенше жағдай кезінде адамдар мен бизнесті қолдауға бағытталған шараларды одан әрі жүзеге асыруға дайын екендерін айтты.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық олигархтар Назарбаевтың үндеуінен кейін 18 млрд теңге жинап берді 

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы төтенше жағдай кезіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударды.

Әкімдер еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі көктемгі егіс науқаны барысы мен солтүстік аймақтардағы егін егу жұмыстарына дайындық туралы ақпарат беріп, жекелеген облыстарда су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою жоспарлары жөнінде баяндады.

Елбасы әкімдерге төтенше жағдай кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көрсетіліп жатқан көмекті әрбір мұқтаж адамға жеткізу бойынша тиімді жұмыс атқаруға тілектестік білдірді.