Қоғам

Қазақстанда үш аптада үш жаңа аурухана салынады

Қазақстанның үш мегаполисінде модульдік инфекциялық жаңа ауруханалар салу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір - Sputnik. 3-4 апта ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында жұқпалы ауруханалар салу жоспарлануда. Бұл туралы Sputnik Қазақстан сұрағына жауап берген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

"Әр қаладағы ғимараттар әр түрлі болады (инфекциялық ауруханалар мен карантиндік типтегі модульдік кешендер). Өйткені, олар климаттық жағдайға байланысты түрлі жабдықтармен жарақтандырылады. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Инженерлер мен құрылыс компанияларының қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Оларды 3-4 апта ішінде тұрғызу жоспарланған", – деді Біртанов.

Оның айтуынша, инфекциялық ауруханаларға қажеттіліктен аталған нысандарды салу жоспарланып отыр. Өйткені, пациенттер ауруханаларда ұзақ уақыт тұрады.

Оқи отырыңыз: Қаржы министрі дағдарыс кезінде аурухана салу тәртібін түсіндірді

"Әдетте, орташа және ауыр хәлдегі науқастар емделу үшін ауруханада кемінде 3-4 апта жатады. Бір айға жуық уақыт интенсивті терапия мен жасанды тыныс алу аппараты бойынша реанимация бөлімінде болуы мүмкін", – деп сөзін жалғастырған министр, қазіргі кезде бізге әлі де кереуеттер керек екенін айтты.

"Бізде 3 500 жұқпалы төсек-орын бар, оларды кеңейтуге дайынбыз. Соның аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында тез тұрғызылатын ауруханалар арқылы орташа есеппен 200-300 кереуетке ұлғайтуды көздеп отырмыз", – деді министр.

Нысандар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес салынады.

"Қазіргі ауруханалар 60-70 жылдары салынған. Олар әрдайым заманауи стандарттарға сәйкес келе бермейді. Бұл мәселелер модульдік құрылымдарды салу кезінде ескерілетін болады", – деді ол.

Айта кетейік, жуырда ғана Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында жинақы құрылымдардан модульдік ауруханалар салынатыны белгілі болған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда карантиндік типтегі үш медициналық кешен салынады

Бұған дейін қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов үш карантиндік медициналық модуль құрылысына 14,8 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеген.