Әлем

Коронавирусқа шалдыққан жүкті әйел аурудың біртүрлі белгісі туралы айтты

Үш баланың анасы коронавирус инфекциясымен үш апта бойы күрескен, қазір жағдайы жақсы, бірақ құрсағындағы сәбиінің денсаулығына алаңдайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір  – Sputnik. Англияның Херн-Бэй қаласында коронавирустан айығып шыққан жүкті әйел өзінде байқалған ауру белгілері туралы айтып берді.

Үш баланың анасы коронавирус инфекциясымен үш апта бойы күрескен. Ақыры дертінен айығып, үйіне оралды, деп хабарлайды The Mirror басылымы.

12 наурызда Карен Маннерингтің ыстығы көтеріліп, көзі ауырған. Әйел жүктіліктің сегізінші айында екен. Дене қызуы 38,5 және 39,9 градус аралығында құбылыпты.

Көп ұзамай құрғақ жөтел пайда болып, тамағы ауырыңқыра бастаған.

"Біреу өкпемді кеудемнен суырып алып жатқандай күй кештім. Біртүрлісі көзімнің ауырғаны еді. Солға, оңға, жоғары немесе төмен қарай алмадым. Басымды бұру оңайырақ еді, өйткені көздерім қимылдатқан кезде қатты ауыратын", - деді үш баланың анасы.

Тағы оқыңыз: Қазақстандық дәрігер кімдердің коронавирус жұқтыру қаупі жоғары екенін айтты

21 наурызда әйел ауруханаға түскен. Төрт күннен кейін дәрігерлер одан коронавирус тапты. Бұдан бөлек, екі жақты пневмония деген диагноз қойды.

Маннеринг ауруханада бір апта бойы емделді.

Қазір ол үйіне оралған. Жағдайы жақсы, бірақ құрсағындағы сәбиінің денсаулығына алаңдайды.

Жүкті әйел басқа азаматтарға карантин режимін қатаң сақтап, қолды үнемі жууға кеңес берді.