Қоғам

Коронавирус елдің ішінде тарай бастады – бас санитар дәрігер

Бүгінде науқастың өзінен емес, онымен байланыста болған бір кісіден 10 адамның инфекция жұқтыру оқиғалары бар
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирустың елдің ішінде тарай бастағанын ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Құрметті қазақстандықтар, маңызды бір мәселеге назар аударғым келеді, бүгінде 369 науқастың ішінде 91 адам ғана шетелден ауырып келген. Қалғаны –  осында жүріп, вирусты жақын қарым-қатынас арқылы жұқтырғандар. Бұл дегеніміз, инфекция елдің ішінде тарап жатыр", - деді Есмағамбетов бүгінгі онлайн брифингте. 

Оның айтуынша, бүгінде науқастың өзінен емес, онымен байланыста болған бір кісіден 10 адамның инфекция жұқтыру оқиғалары бар.

"Вирус тез жұғады. Бір адам инфекцияны төрт адамға дейін тарата алады. Сондықтан карантин шараларын қатаң сақтау қажет. Қазіргі кезде ондай шаралар барлық аймақтарда қолға алынды. Карантин дегеніміз, ол - барлық қарым-қатынасты доғару. Сол себепті үйде болыңыздар, құрметті азаматтар. Далаға азық-түлік пен дәрі-дәрмек алуға ғана шығыңыздар", - деп атап көрсетті Есмағамбетова.

Осы орайда бас санитар жеке гигиена талаптарын сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Далаға шыққанда қолмен бетті және көзді ұстауға болмайды. Адамдармен сөйлесіп тұрғанда, кем дегенде, екі метр алшақ тұру қажет. Антисептикті қолданып жүру керек. Ал аурудың алғашқы белгілері байқалса, бірден жедел жәрдемді шақырған дұрыс.