НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. "Сергек" базасына автокөліктер мен жүргізушілердің деректері енгізіледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Полиция қызметкерлері "Сергек" базасына жүргізушілер мен автокөліктердің деректерін, олардың үй – жұмыс бағыты бойынша бағдарын енгізді. Өз бағдарын бұзғандар заңнамаға сәйкес жазаға тартылады", - деді Сәденов онлайн брифингте.
Ол карантин режимінің күшейтілуіне байланысты тұрғындар тек дүкенге, дәріханаға және жұмысқа бару үшін сыртқа шыға алатынын айтты.
Кәмелетке толмағандарға ересектердің қарауынсыз қалада жүруіне тыйым салынған.
Тағы оқыңыз: "Инфекция таратуы мүмкін": Алматыда қаңғыбастар ізім-ғайым жоғалды
Бұдан бөлек, отбасы мүшелерін қоспағанда, көшеде үш адамнан артық топтасып жүруге болмайды.
Карантинді бұзғаны үшін 10 АЕК немесе 26 510 теңге айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамауға алуы мүмкін.