Ғарышкерлерге қол алысып, құшақтасуға тыйым салынды

Ресейлік ғарышкер Анатолий Иванишин мен Иван Вагнер, сондай-ақ америкалық Кристофер Кэссиди жақын күндері Халықаралық ғарыш станциясына ұшады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. 9 сәуірде Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына ұшатын ғарышкерлерге коронавирус қаупі болғандықтан қол алысып, бір-бірін құшақтауға тыйым салынды. Бұл туралы РИА Новости-ге берген сұхбатында ғарышкерлерді оқыту орталығының эпидемиологы Сергей Савин айтты.

Ресейлік Анатолий Иванишин, Иван Вагнер және америкалық Кристофер Кэссиди Халықаралық ғарыш станциясына ұшады.

"Бізде қол алысып, құшақтасуға қатаң тыйым салынады. Ал ғарышкерлер қолын жиі жуып, зарарсыздандырады", – деді Савин.

Сондай-ақ, оның айтуынша, басқа адамдардың жеке заттарын пайдалануға болмайды. Жалпы мақсаттағы әрбір зат қолданылғаннан кейін дезинфекцияланады.

Ғарышкерлердің денсаулығын сақтау үшін олардың иммунитетін нығайту мақсатында үнемі кешенді шаралар қабылданады. Олар дұрыс тамақтанып, салмағы мен температурасын бақылауда ұстайды, моншаға да барады.

"Біз соматикалық ауруларды, әсіресе инфекция кіретін құлақ, мұрын, ауыз, сонымен қатар ас қорыту жүйесі мен көзді жедел емдейміз", – деді Савин.

Оқи отырыңыз: Ғарышкерлер де қорқады: Талғат Мұсабаевтың ашық әңгімесі

Ол Байқоңырдағы қонақүйге жайғасқан ғарышкерлер бөлмесі күн сайын құрамында хлоры бар препараттармен дымқыл күйде тазартылып, желдетіліп, үй-жай кварцты өңдеуден өткізілетінін айтты.

Асхана қызметкерлерінің денсаулығы, тамақ әзірлеу мен тамақтану процесіне бақылау күшейтілген.

"Ғарышкерлер бөлек бөлмедегі арнайы асханада тамақтанады. Ас алдында олар қолдарын дезинфекциялық ерітіндімен тазартып алуға міндетті", – деді эпидемиолог.