НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Қазақстанда төтенше жағдай кезінде бидай экспортына шектеу енгізіледі, деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Мұндай шара еліміздің астыққа деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету (оның ішінде азық-түлік көлемін сақтау және тамақ өнеркәсібін қайта өңдеу) мақсатында қолға алынып отыр.
"Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрлігі ұн экспорттау бойынша тыйымды алып тастап, оның орнына ұнды республикадан тыс жерге шығаруға шектеу қояды", - делінген хабарламада.
Осыған орай, енді бидай мен ұн экспорты министрлік белгілеген ай сайынғы квота шеңберінде жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, АШМ баспасөз қызметі республикада қанша астық қоры бар екенін жариялады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда тегін азық-түлік беру тәртібі бекітілді
Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың 1 наурызындағы ақпаратқа сәйкес Қазақстанда 9,2 миллион тонна астық бар, оның ішінде азық-түлік – 6,4 миллион тонна, тұқымдық – 1,5 миллион тонна, жемдік – 1,3 миллион тонна.