Экономика

Тоқаев кредит процентін алып тастауды сұрайтындарға жауап берді

Президент банктер қиын жағдайда қалған кезде мемлекет оларға айтарлықтай көмек көрсеткенін еске салды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші деңгейлі банктерді қиын кезеңде азаматтық жауапкершілік танытуды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Көптеген кәсіпкер банктерден төтенше жағдай кезінде кредитке процент қоспауды талап етуді сұрайды. Банктер үшін бұл шығын, мұны түсіну керек. Банктер де экономикамыздың ажырамас бөлшегі. Сондықтан мен тағы да  екінші деңгейлі банктерден конструктивизм, азаматтық жауапкершілік пен түсіністік танытуды сұраймын", - деді Тоқаев халыққа үндеуінде. 

Президент банктер қиын жағдайда қалғанда, мемлекет оларға айтарлықтай көмек көрсеткенін еске салды. 

"Қазір халық пен отандық бизнеске сіздерден қолдау керек", - деді мемлекет басшысы. 

Ол қажет болса мемлекет қосымша шаралар қабылдауы мүмкін екенін айтты. 

"Жағдай әрі қарай ушықса, үкімет пен қаржылық реттеушілер аталған мәселені шешу үшін шаралар қабылдайды", - деді Тоқаев. 

Қаржылық реттеу жөніндегі агенттік шағын және орта бизнес кредитінің төлемдерін кейінге шегеру мәселесі бойынша банктермен және басқа ұйымдармен жұмыс істеп жатыр.

Тағы оқыңыз: Президент: 42 500 теңге мөлшеріндегі көмекті алатындардың саны артады

Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері он процентке индексацияланатынын айтты.

Сондай-ақ, шағын және орта бизнес өкілдері 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылатынын, 800 мыңнан астам қазақстандыққа тегін азық-түлік берілетінін хабарлады.