НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов екі қалада қосымша шектеулер енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, 2 сәуірде сағат 00.00-ден бастап Өскемен мен Семей қалаларына кіру және шығу шектеледі. Сол үшін 15 бақылау-өткізу бекеті орнатылады. Ал азық-түлік тауарлары арнайы "жасыл дәлізбен" жеткізіледі.
Қаланың ішінде күндіз көлік қозғалысы шектелсе, түнде толығымен тоқтайды. Тек қызметтік көліктерге ғана жүруге рұқсат берілді.
"6 сәуірден бастап жеке көлік қозғалысы шектеледі. Күнтізбенің жұп күндері көлік нөмірі нөлді қосқанда, тек жұп санына аяқталғандар, ал тақ күндері көлік нөмірі тақ санға аяқталғандар ғана жүреді", - деді Ахметов өзінің бейнеүндеуінде.
Бұдан бөлек, 6 сәуірден бастап, Өскемен мен Семей тұрғындары тек рұқсат қағазымен ғана жүре алады. Ол үшін екі санат белгіленген. Олар:
- қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым қызметкерлері мен жұмыс істейтін азаматтар;
- әрбір отбасына беріледі. Онымен аптасына 3 рет сауда нысандарына, дәріханаларға, банктер мен медицина мекемелеріне баруға болады.
Рұқсат қағазының екі түсі болады. Жасыл түсімен жұп күндері, ал ақ түсімен тек тақ күндері ғана шығуға мүмкіндік беріледі.
Сондай-ақ, 2 сәуірден бастап азық-түлік бөлімдерінен басқа, ірі сауда нысандарының қызметі тоқтайды. Мейрамханалар, дәмханалар, асханалар онлайн түрде тапсырыс алу, жеткізу режиміне көшеді.
Қызмет көрсететін – сұлулық салондары, массаж орталықтары, сауналар толық жабылады. Бір апта ішінде қоғамдық көлік қатынасы да азаяды.
"Жасы 70-тен асқан жерлестеріме, І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, үйден шықпауларын сұраймын. 2 сәуірден бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмекті үйлеріңізге жеткізетін боламыз. Әлеуметтік маңызы бар, азық-түлік өнімдерінің 19 түрі, гигиена құралдарының 10 түрі кіретін 4 жинақ жасалды. Жеткізу аптасына 1 рет тегін болады", - деп атап көрсетті Ахметов.
Облыста Жеңіс күніне арналған біржолғы төлемдер де беріле бастайды.
- Соғыс ардагерлеріне - 600 000 теңге;
- Марапатталған тыл еңбеккерлеріне - 100 000 теңге;
- Марапаты жоқ тыл еңбеккерлеріне - 42 500 теңге.