Әлем

Мұнай соғысы: қара алтын нарығындағы бағаны қай ел тұрақтандырады

Заң шығарушылар Дональд Трамптың тақтатас индустариясын қолдау туралы бастамасын қабылдамады. Енді бұл саланың сақталуы мұнай соғысының аяқталуына байланысты
Sputnik

Вашингтон қысым көрсету тетіктері арқылы Сауд Арабиясының өндірісін қысқарту туралы келісімге қол жеткізді. Өйткені, америкалықтардың Эр-Риядқа қолданатын мұндай мүмкіндіктері жеткілікті. Алайда, Мәскеусіз нарықты тұрақтандыру мүмкін болмайды, деп жазады РИА Новости.

Демократтардың кек алуы

АҚШ конгрессі энергетика министрлігіне тақтатас өндірушілерінен стратегиялық резервке 77 миллион тонна мұнай сатып алуға қаражат бөлуден бас тартты. Мұны айдың басында Дональд Трамптың өзі ұсынған болатын, содан кейін энергетика министрі Дэн Бруйетт бұйрық шығарды.

"Бірақ бірнеше күн бұрын ғана үкімет бюджет тапшылығын азайту үшін резервтен мұнай сатты", деп жазды Bloomberg агенттігінің энергетика жөніндегі жетекші корреспонденті Жавье Блас өзінің твиттерінде. "Енді метроға, стратегиялық сақтау қоймалары мен салық төлеушілерге миллиардтаған қаражат жұмсағаннан кейін Сэм ағай оның орнын толтыру үшін тақтатас өндірушілерінен мұнай алғанды құптайды" деп толықтырды ол өз сөзін.

Өткен аптада АҚШ энергетика министрлігі конгресстен "АҚШ-тың энергетикалық компаниялары мен олардың қызметкерлеріне мүмкіндігінше тезірек" ақша бөлуді мақұлдауға шақырды. Алайда, парламенттің төменгі палатасында көпшілікке ие болған демократтар Трампқа тағы бір рет зиян келтіру мүмкіндігін жіберіп алмады және қарсы шықты.

Президент сонда да райынан қайтқысы келмейді. Bloomberg-тің хабарлауынша, Ақ үй энергетика министрлігіне сатып алуларды өз бюджеті есебінен қаржыландыруға бұйрық берген.

Оқи отырыңыз: Мұнай бағасының құлдырағаны үшін қай ел қалай жазаланады?

Rapidan Energy Advisors компаниясының негізін қалаушы Боб МакНэлли: "Дональд Трамп әкімшілігі арзан мұнайды сатып алуға бел байлады, – деді. - Стратегиялық акциялар толықтырылады. Бірақ, конгресстің қатысуымен бе, әлде басқа жолмен ба? Ал бұл сатып алулар ең көп зардап шеккен шағын және орта компаниялар үшін жоспарланған".

Алайда, сарапшылар мұндай әдіс көмектеспейтінін айтады. Мәселен, АҚШ сыйымдылығы 714 миллион баррельдік стратегиялық қоймасына 634 миллион баррель мұнайды құйған. Яғни, оның сыйымдылығы тағы 80 миллионға сәйкес келеді. Бұл алты ай ішінде күніне 450 мың баррель сатып алуға болатындығын білдіреді.

Америкалық энергетик-сарапшы Джастин Якобс: "Төмен түскен сұраныспен салыстырғанда бұл өте аз. Сонымен қатар, сатып алу нарықтық бағадан төмен өзіндік бағамен жүзеге асырылады. Бұл өндірушілерді қалай құтқаратыны белгісіз", – дейді.

Индустрияның құлдырауы

Мұнайшылардың өздері енді ештеңеге сенбейді. Өткен аптада Occidental Petroleum компаниясы қызметкерлерге алдағы уақытта жалақыларының төмендеуі туралы ескерту хабарламасын жіберді.

"Нарықтағы жағдай бізді бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдауға мәжбүр етеді. 1 сәуірден бастап қарапайым жұмысшылардың табысы 30%-ке, топ-менеджмент 68%-ке қысқарса, компанияның атқарушы директоры 81% жоғалтады. Сонымен қатар бонустар мен субсидиялар, саяхаттау мен фитнеске ақы төлеу де азаяды", – делінген хабарламада.

Мұнай бағасы қанша болғанда Қазақстан экономикасына қауіп төнеді
Ал кейбір компаниялар кадрларды жұмыстан шығаруда. Ең ірі Halliburton мұнай-сервистік компаниясы Хьюстонда 3 500 қызметкердің жұмыстан босатылатынын жариялады. Тақтатас өндірісіне негізделген Apache компаниясы орталық кеңсесін 85 адамға қысқартады.

"Біз тақтатас қондырғыларының санын нөлге дейін төмендетіп жатырмыз және капиталды басқа жобаларға бағыттаймыз. Сондықтан қызметкерлер үшін қиын шешім қабылдадық", – делінген Apache мәлімдемесінде.

Тіпті, дәстүрлі тау-кен жұмыстарымен айналысатын алып Exxon Mobil-дің өзінде де күрделі проблемалар бар.

"Нарықтың бұрын-соңды болмаған жағдайына сүйене отырып, біз таяу болашақта капиталды және операциялық шығындарды едәуір төмендету үшін тиісті қадамдар жасаймыз", – деді компанияның бас директоры Даррен Вудс.

"2015-2016 жылдары мұнай бағасының құлдырауына әкеліп соқтырған алдыңғы баға соғысы саладағы жұмыс орындарының 30%-ке қысқаруына әкелді", – делінген Rystad Energy консалтингтік фирмасының есептік баяндамасында.

"Қазіргі уақытта мұнай өнеркәсібі коронавирустық эпидемияның қосымша әсеріне тап болып отыр. Нәтижесінде, жыл соңында әрбір үшінші америкалық мұнайшы жұмысынан айрылады".  

"Қазіргі бағамен біз АҚШ-та тақтатас мұнайын өндірудің айтарлықтай құлдырауын байқаймыз, бұған ешқандай күмән жоқ, – деп мойындады Халықаралық энергетикалық агенттіктің атқарушы директоры Фатих Бирол. - Бұл америкалық мұнай өндірісін "орасан зор азапқа" душар етеді".

Ал Техас техникалық университетінің мұнай және газ бойынша профессоры Маршалл Уотсон: "Тақтатас өндірісі жойылады", – деп қорытындылады.

Мұнай саласындағы ОПЕК пен Ресей соғысының аяқталуы, тақтатас өндірісшілерін құтқаруы мүмкін. Америкалық санкциялардан кейін Вашингтон мен Мәскеу арасында бұл мәселе бойынша сындарлы диалог мүмкін емес болғандықтан, Трамп әкімшілігі саудиялықтарға назар аударды.

Өткен дүйсенбіде АҚШ-тың энергетика министрі Дэн Бруйетт Вашингтон Сауд Арабиясымен мұнай одағын құру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Вашингтонның негізгі шарты – бағаның төмендеуін тоқтату, яғни арабтардың мұнай өндірісін азайту.

Оқи отырыңыз: Посткеңестік елдерге мұнайдың төмен бағасы қалай әсер етеді

Ал сейсенбіде, Politico журналы АҚШ президент әкімшілігіндегі ақпарат көздеріне сілтеме жасап, Дональд Трамп Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салманға қоңырау шалып, америкалық мұнайшыларға зиян тигізбеуін талап еткенін хабарлады. "Мұнай бағасы өміршең болып қалуы керек", – деген Ақ үй басшысы.

Өткен сәрсенбіде мемлекеттік хатшы Майк Помпео бен Салманға телефон шалып: "жаһандық энергетикалық нарықтардағы тұрақтылықты сақтау қажеттігін" еске алды.

"Мемлекеттік хатшы G20-ның жетекші мүшелерінің бірі және энергетикалық ықпалды көшбасшы ретінде Сауд Арабиясының әлемдік экономикалық тұрақсыздыққа тап болған кезде жаһандық энергетика мен қаржы нарықтарын тұрақтандыруға нақты мүмкіндігі бар", - делінген АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми мәлімдемесінде.

Bloomberg агенттігі Помпео мен Сауд Арабиясының ханзадасы арасындағы бұл әңгімені "АҚШ-тың Сауд Арабиясы мен Ресей арасындағы баға соғысына тікелей араласуы" деп атады.

Соңғы сөз – Ресейде

Сарапшылар ақыр соңында саудиялықтарға көнуге тура келетініне сенімді. Мәселе тек Вашингтонның Эр-Риядқа қысым жасауының көптеген тетіктерінде ғана емес. Айталық, журналист Хашоггидің өлімі, Йемендегі соғыс және ядролық бағдарламаның тым белсенді дамуы үшін конгрессмендер саудиялықтарға санкциялар салу мәселесін бірнеше рет көтерген еді.

Сауд Арабиясы төмен бағаның орнын толтыру үшін мұнай экспортын күрт арттыру жоспарының көз алдымызда құлдырауы шешуші фактор болуы мүмкін. The Wall Street Journal газеті дереккөзге сілтеме жасап хабарлағандай, Эр-Риядқа сатып алушылар табу қиынға соғуда. АҚШ пен Еуропадағы мұнай өңдейтін зауыттар демпингке қарамастан қосымша көлемде мұнай сатып алудан бас тартып жатыр.

Сонымен қатар, Сауд Арабиясының Мәскеуге қарсы айла-амалдарын Пекин бұзды: WirtschaftsWoche неміс іскери басылымының мәліметі бойынша, наурыз айында Қытай Ресейден рекордтық көлемде 1,6 миллион тонна мұнай сатып алды.

Оқи отырыңыз: Сауд Арабиясы мен АҚШ Ресейге неге қысым жасап жатыр

Демек, Сауд Арабиясының басқа амалы жоқ. Эр-Рияд бағдарды өзгертуге дайындалып жатыр: батыстық БАҚ-тың Сауд Арабиясының ресми өкілдеріне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, ОПЕК-тің маусымда өтетін кеңесінде олар өндірісті тәулігіне 6 миллион баррельге дейін төмендетуді талқылайды (наурызда 3,6 миллион туралы әңгіме болған еді).

Алайда, мұның бәрінің Ресейсіз мағынасы жоқ. Ал енді Эр-Рияд пен Вашингтон Мәскеуге мұнай соғысын тоқтату үшін не ұсынады – ол басқа мәселе.