Қоғам

Алматыда коронавирус жұқтырған 11 жастағы бала әкесімен бірге ауруханада жатыр

Алматыда 73 адам коронавирус жұқтырған олардың жетеуі сауығып шықты. Бір ер адамның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 27 наурыз – Sputnik. Алматыда соңғы коронавирус анықталғандардың ішінде 11 жастағы бала бар. Ол қазір қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында әкесімен бірге жатыр. Әкесінен де коронавирус табылды, деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

"Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың расталған 73 жағдайы тіркелді, оның жетеуі жазылды. Қазір қалалық жұқпалы аурулар стационарларында 66 пациент бар. Жаңадан анықталған алты адамның төртеуі вирус жұқтырғандармен байланыста болғандар. Ал бір науқас 19 наурызда Минск-Алматы рейсімен, тағы бір науқас осы күні Ыстамбул-Алматы рейсімен ұшып келді. Емдеуге жатқызылғандардың ішінде 11 жастағы бала бар, қазір ол қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында әкесімен бірге жатыр",- деді Әбілдаев брифингте.

Алматыда ем алып жатқан науқастардың ішінде 58 адамның жағдайы қанағаттанарлық, бір ер адам ауыр жағдайда жатыр. Алты ересек адам мен бір баланың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.

Тағы оқыңыз: Алматыда коронавирус инфекциясының жаңа ошақтары табылды

Сондай-ақ, провизорлық орталықтарда 1 046 адам бар, ішінде 102-сі – бала. Қаладағы провизорлық орталықтар саны алтыға дейін көбейген.

"Қалада карантиндік оқшаулау үшін 3 шипажай және бір жатақхана бөлінді. Қазір 419 азамат карантиндік оқшаулауда жатыр. Бұл шетелден келген адамдар. Олардың барлығы қай елден келгеніне қарамастан, екі күндік карантинге орналастырылады",- деді Әбілдаев.

Шетелден келген азаматтардан COVID-19-ға талдау алынып жатыр. Нәтиже теріс болған жағдайда олар үйлеріне жіберіледі.