НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Қазақстанда бір тәуліктің ішінде төтенше жағдайды бұзған 124 адам жауапқа тартылды. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, тәртіп бұзған 124 адамның ішінде 56-сы қамауға алынды. Ал бір адам "жүйені тексергісі келіп", жалған ақпарат берген. Оған айыппұл салынды.
"Тәртіп бұзғандардың арасынан бір азаматтың әрекетін атап өткіміз келеді. Ол Damumed порталында өзінде коронавирус белгісі бар деп көрсеткен. Бірақ жедел жәрдем дәрігерлері ол адамнан ешбір ауру белгісін тапппаған, кейіннен анықталғандай, ол азамат "жүйенің, дәрігерлердің жұмысын тексергісі келіпті". Әйтпесе, еш жері ауырмаған, шетелге шықпаған. Ауырған адамдармен байланыста болмаған", - деді Абаев бүгінгі онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Нью-Йорк қаласында әрбір 17 минут сайын бір адам коронавирустан қайтыс болып жатыр. Әлем бойынша осы індетке шалдыққандардың саны 600 мыңнан асты. Сондықтан төтенше жағдай тәртібін сақтау аса қажет.
"Құрметті қазақстандықтар, төтенше жағдайдың шектеулеріне түсіністікпен қарап, карантин режимін сақтап отырғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Әрине, карантинді бұзған біраз оқиғаларды анықтап жатырмыз. Алайда халықтың басым көпшілігі дәрігерлердің кеңесіне құлақ асып, үйлерінде отыр. Біздің мақсатымыз үрей туғызу емес, қорқыту емес. Алайда карантин тәртібін сақтаудың өте маңызды екенін тағы да естеріңізге саламыз", - деп атап көрсетті Абаев.