Қоғам

Қазақстанда медбике коронавирус жұқтырды

Қалалық емхананың қызметкері Алматы – Атырау рейсімен ұшып келген қыздан анализ үшін қан алғаны белгілі болды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Қазақстанда коронавирус жұқтырған алғашқы медициналық қызметкер тіркелді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

coronavirus2020.kz порталының ақпаратынша, Атырау облысында тіркелген бесінші науқас қалалық емхананың қызметкері болып шықты.

"Медбике 17 наурызда "Алматы-Атырау" рейсімен келген қыздан анализге қан алған. Бүгін жергілікті тұрғын жасаған тестің қорытындысы шықты, одан коронавирус инфекциясы табылды", -делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта вирус жұқтырған науқаспен байланыста болған 27 адам анықталды. Олардың барлығы оқшауланып, карантинге орналастырылды.

Коронавирус эпидемиясы

Қазақстанда екі қала – Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылған. Республика бойынша ең көп науқас осы екі мегаполисте тіркеліп отыр. Шымкентте бір аудан карантинге алынды. 30 наурыздан бастап Ақтау қаласында шектеу шаралары енгізіледі.

Тағы оқыңыз: Ақмола облысында бүтін бір отбасы коронавирус жұқтырды

Республика бойынша індет жұқтырғандар саны 251 адамға жетті. Оның ішінде 18 адам жазылып шықты, Ақмола облысында бір адам қайтыс болды.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 151 адам, Алматы қаласында – 64 адам, Қарағанды облысында - 7, Ақмола облысында - 6 адам, Атырау облысы - 6 адам, Жамбыл облысында -3 адам, Шымкентте - 2 адам, Шығыс Қазақстан облысында - 2 адам, Алматы облысында - 4 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам, Павлодар облысында - 1 адам, Маңғыстау облысында - 1 адам, Қызылорда облысында - 2 адам тіркелді.