Қоғам

Нұр-Сұлтанда тіркелген 16 науқас індетке қалай шалдықты

Астанада бір тәулік ішінде анықталған он алты пациент бұған дейін стационарлық немесе үй карантинінде болған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы коронавирустың жаңа жағдайларына қатысты ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Басқарма басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, бір тәуліктің ішінде астанада короновирус жұқтырған тағы 16 адам анықталды.

"Барлығы науқастармен жақын араласқан. Бұған дейін олар стационарлық бақылауда немесе үй карантинінде болған. Осылайша, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясының 151 жағдайы тіркелді. Соның ішінде 13 адам жазылып шықты", - деді ол онлайн брифингте.

Қисықова жаңадан тіркелген пациенттер ел арасында вирусты таратқан жоқ деп сендірді.

"Негізі, бір науқас, шамамен, 30-50 адаммен араласып келеді. Сол себепті біз бірден бәрін оқшаулап қоямыз. Солардың ішінен жаңа жағдайлар шығып жатыр. Сондықтан жаңадан тіркеліп жатқан науқастар инфекцияны таратып жүрген жоқ. Барлығы бұған дейін оқшауланған адамдардың ішінен шығуда", - деді басқарма басшысы.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда медбике коронавирус жұқтырды

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде қаладағы жұқпалы, провизорлық және карантиндік стационарларда 1 536 адам жатыр. Олардың ішінде 18 жасқа толмаған 106 бала бар.