НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Ақмола облысында Қосшы ауылында індетке шалдыққан үш адам тіркелді. Барлығы – бір отбасының мүшелері. Елорда іргесіндегі бұл елді мекенде вирустан көз жұмған әйел тұрған еді.
Еске сала кетсек, 26 наурызда Қосшы ауылында коронавирус жұқтырған 64 жастағы әйел қайтыс болды. Sputnik Қазақстан екі отбасының арасында байланыс болып-болмағанын білу үшін Көкшетаудағы жауапты ведомстволарға жүгінді.
Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сүлен Ілиясовтың айтуынша, вирус жұқтырған пациенттер марқұммен емес, елордада тұратын туысымен байланыста болған.
"Бұл отбасы: 1949 және 1954 жылғы ерлі-зайыпты және олардың 1990 жылғы ұлдары. Барлығы бірге жер үйде тұрады. Бұған дейін үй карантиніне алынған", - деді Ілиясов.
"Олар бұған дейін Нұр-Сұлтанда тұратын туысқанымен араласқан. 26 наурызда елордалық әйелде коронавирус инфекциясы расталды", - деп түсіндірді облыстың бас дәрігері.
Қазіргі таңда отбасы Көкшетаудағы туберкулезге қарсы диспансер жанындағы инфекциялық стационарға жатқызылған. Ілиясовтың айтуынша, олардың жағдайы тұрақты.
Соңғы деректер бойынша Ақмола облысында індетке шалдыққан 6 адам тіркелді.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 251 адамға жетті
Облыс стационарларында барлығы 95 пациент жатыр. Олардың жағдайы қанағаттанарлық.
Қосшы ауылында карантин енгізілді. Облыстық тауарлар және қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлімдегендей, ауылда көшелер, тұрғын үй кіреберістері, аялдамалар, алаңдар мен орындықтарда дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көшелерде қозғалыс барынша шектелген. Көптеген нысан жұмысын уақытша тоқтатты.