АЛМАТЫ, 27 наурыз – Sputnik. Алматы қаласында төтенше жағдайға байланысты жұмыссыз қалған азаматтарға әлеуметтік төлем жүргізу үшін құжат қабылдау басталды. Бұл туралы Алматы қаласы әлеуметтікәл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы Алматыда өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Алматы қаласында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем жасау үшін құжаттарды қабылдау басталғанын хабарлаймыз. Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар ережесіне сәйкес төленетін болады", - деді Әлкебайұлы.
Сонымен қатар басқарма өкілі әлеуметтік көмек кімдерге және қалай берілетінін де айтты.
"Біріншіден, микро және шағын бизнес кәсіпкерлеріне, жеке кәсіпкерлерге, орта кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын адамдар, оның ішінде нотариус, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар кіреді. Оған қосымша бірыңғай жиынтық төлеушілер де бұл төлемге ұсыныс беруге мүдделі", - деді ол.
Әлеуметтік төлемді алу үшін жұмыс беруші жалақысы сақталмайтын жұмысшылардың тізімін жасайды. Электрондық үкімет порталында электрондық қызмет арқылы жергілікті органға өтініш береді. Жұмыс беруші төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерлікті шектеу туралы хаты, өзінің арызы және жұмыстан босатылған кісілердің тізімі, жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына кету туралы бұйрығының көшірмесін жолдауы керек.
"Жұмыс берушінің өтініші жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті органдармен, аудандық штабпен қарастырылады. Жергілікті орган тиісті шешімді шығарып, мемлекеттік корпорацияға жолдайды. Мемлекеттік корпорацияға жолданғаннан кейін төрт жұмыс күні ішінде аталған жұмысшылардың есепшотына төлем жүргізілетін болады", - дедіӘлкебайұлы.
Әлеуметтік төлемді қалай алуға болады?
Бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі төтенше жағдайға байланысты кірісінен айырылған азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қалай төлем алуға болатынын түсіндірді.
"Біріншісі, төтенше жағдайға байланысты ақысыз еңбек демалысына шыққандарға беріледі. Оның көлемі – айына 42 000 теңге. Бұл шағын және орта бизнес қызметкерлері болуы мүмкін. Олар соңғы жылы мемлекеттік қорға үш рет аударым жасаған болуы керек. Қажетті өтінімді жұмысшы емес, жұмыс беруші жасайды. Өтінімді аудандық, қалалық жұмыспен қамту штабтарына беру керек. Төлемдер төтенше жағдай аяқталғанша жасалады", - деді министр.
Төлемнің екінші түрі жұмыстан шығып қалғандарға беріледі. Олар төлемдерді бір айдан алты айға дейін алады. Төлемдердің көлемі айлықтың 40%-ін құрайды. Ол үшін жұмыспен қамту орталықтарына жұмыссыз ретінде тіркеліп, арыз беру қажет.
Коронавирус эпидемиясы
Қазақстанда 16 наурызда төтенше жағдай енгізілді. 19 наурызда Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабылды.
Соңғы ақпарат бойынша, Қазақстанда коронавирусжұқтырған 125 науқас тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласында – 60 , Алматы қаласында –48, Қарағанды қаласында – 4, Жамбыл облысында – 3, Атырау облысы – 3, Шымкентқаласында – 2 ,Алматы облысында – 1, Ақтөбе облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында – 1, Ақмола облысында – 1, Павлодар облысында – 1 адам.