НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылады. Мұндай шешім төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысында қабылданды.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда автобус паркі карантинге жабылды
Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен отырыста денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы, Нұр-Сұлтан және Алматы әкімі Алтай Көлгінов пен Бақытжан Сағынтаев қалалардағы ахуал туралы баяндады.
"Мемлекеттік комиссия коронавирус инфекциясының таралуын шектеу мақсатында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында биылғы 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорын мен ұйымның жұмысын уақытша тоқтату туралы шешімді бекітті", - деп жазды премьер-министрдің ресми сайты.
Бұл шектеудің орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарына қатысы жоқ.
Толық тізім қалалардың әкімдіктерімен келісіле отырып анықталады.