Өңірлер

Қордайдағы қақтығыс: арнайы операция кезінде 25 адам ұсталды 

Жамбыл облысының Қордай ауданында 7 ақпанға қараған түні жаппай төбелес басталды. Қайғылы оқиға салдарынан он бір адам қаза болған еді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздіктерге белсене қатысқандарды ұстау бойынша арнайы операция жүргізілді. Жиырма бес ұсталды. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Бүгін Жамбыл облысы, Алматы және Шымкент қалаларында жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысушыларды ұстау бойынша арнайы операция жүргізілді. Оның нәтижесінде жиырма бес адам ұсталды. Олардың ішінде қазақтар, дүнгендер және қырғыздар бар. Оның жетеуі бұрын сотталған", - деді ол ОКҚ брифингінде. 

Тергеу жалғасып жатыр, бас прокуратураның ерекше бақылауында.

"Барлық процессуалдық шешімдер заңнаманың қатаң сәйкестігіне сай қабылдануда. Жиналған дәлелдерге тиянақты талдау жүргізілді. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылардың әрбіреуінің рөліне баға берілуде", деді ол. 

Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік

Жамбыл облысының Қордай ауданында 7 ақпанға қараған түні жаппай төбелес басталды. Қайғылы оқиға салдарынан он бір адам қаза болды.

Өрттің салдарынан тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандар, сондай-ақ автокөліктер бүлінді.

Кейіннен 120-дан астам қылмыстық іс тергеліп жатқандығы белгілі болды. 1 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.