АЛМАТЫ, 27 наурыз – Sputnik. Алматыда тағы бір науқас жазылып, ауруханадан шықты. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігі хабарлады.
"27 наурызда Алматыда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан COVID-19 расталған екінші пациент жазылып шықты. Бұл науқас – Алматыға 13 наурызға қараған түні Берлин-Минск-Алматы чартерлік рейсімен келген ер адам. Ол вирусқа қарсы емдеумен симптоматикалық терапияның толық курсын алды", - делінген ақпаратта.
Науқаста емдеу кезеңінде асқыну болмаған, ауруы жеңіл өтті. Енді 14 күн үй карантинінде дәрігерлердің бақылауында болады.
Айта кетейік, 13 наурызда Берлин-Минск-Алматы чартерлік рейсімен келген барлық 12 адам жұқпалы аурулар стационарына карантинге жатқызылып, оқшауландырылған болатын.
Соңғы ақпарат бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған 135 науқас тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласында – 69 , Алматы қаласында –48, Қарағанды қаласында – 4, Жамбыл облысында – 3, Атырау облысы – 3, Шымке т қаласында – 2 , Алматы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Маңғыстау облыстарында 1 адамнан тіркелді.