Экономика

Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 11 триллион теңгеден асты

 2020 жылдың алғашқы 2 айында салымшылардың шоттарына жалпы көлемі 175,2 миллиард теңге зейнетақы жарнасы түсті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз – Sputnik. Қазақстандықтардың зейнетақы активтері 2020 жылдың алғашқы екі айында 283 миллиард теңгеге ұлғайып, 11 триллионнан асты. Екі айдағы өсім 3% жетті, деп хабарлады Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі.

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша қалыптасты және соңғы 12 айда 17% - ке ұлғайып, 10,8 триллион теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 257 миллиард теңге (өсім 25%), ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 2 миллиард теңгеге  (өсім 6%) жуық.

Оқи отырыңыз: Дәленов өзінің зейнетақысына алаңдайтынын жасырмады 

Айта кетейік, "БЖЗҚ" АҚ жарналарының барлық түрі бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 10 498 852 бірлік  болды. Өткен жылдың наурыз айынан бастап өсім 3%.

"2020 жылдың алғашқы 2 айында салымшылардың шоттарына жалпы көлемі 175,2 миллиард теңге зейнетақы жарнасы түсті, бұл 2019 жылдың алғашқы 2 айындағы көрсеткіштен 20% артық", - делінген хабарламада.

Төлемдер 32,1 миллиард теңгені құрады, олардың басым бөлігі жасына байланысты (12,2 миллиард теңге), ҚР шегінен тыс жерлерге ТТЖ-ға кету бойынша (8,4 миллиард теңге), сақтандыру ұйымдарына аударымдар (5,4 миллиард теңге), мұрагерлерге (5,2 миллиард теңге) берілген төлемдерден тұрады.

Салымшылардың (алушылардың) шоттарына аударылған таза инвестициялық кіріс 139,9 миллиард теңге мөлшерінде есепке алынды.