Экономика

Наурыз мейрамынан кейін доллар қаншадан сатылып жатыр

Дүйсенбі қазақстандық валюта айырбастау пункттері долларды орташа алғанда 450 теңгеден сатып жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз - Sputnik. Бірнеше күнге созылған демалыстан кейін елдің үш мегаполисінің ақша айырбастау пункттерінде доллар орташа есеппен 450 теңгеден сатылып жатыр. Ал ұлттық валютаның долларға шаққандағы ресми бағамы 444,8 теңге мөлшерінде бекітілген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Kurs.kz сайтының хабарлауынша, елорданың айырбастау пункттерінде доллар 446-452 теңгеден, еуро 488-490 теңгеден саудалануда. Ресей рублін 5,9-6 теңгеден сатып алуға болады.

Алматылық валюта айырбастау пунктері долларды 448-451 теңгеден сатып жатыр. Ал еуро 487-490 теңгеден, Ресей рублі 5,9-6,1 теңгеден саудалануда.

Шымкенттің айырбастау пункттерінде бір долларды 448.5-450 теңгеге, ал еуроны 484-489 теңгеге сатып алуға болады. Ресей рублі 5,9-6 теңгеден сатылып жатыр.

Оқи отырыңыз: Жаңа антирекорд: теңге тағы да құнсызданды

Қазақстан қор биржасында (KASE) теңге Наурыз мейрамына дейін 3,7 теңгеге нығайып, 444,8 теңге болды. Осы бағаға сүйене отырып, Ұлттық банк 21-26 наурызға ресми бағамды белгіледі.

Ұлттық банк маржаны төмендетті

20 наурызда Ұлттық банк айырбастау пункттерінде шетел валютасын теңгеге сату операциялары үшін бағаның ауытқу шегін белгіледі: АҚШ доллары – 6 теңге, еуро – 7 теңге.

Мұндай ережелер төтенше жағдай режимі кезінде, яғни 2020 жылдың 15 сәуіріне дейін қолданыста болады. Бұл қаржы нарығы ойыншыларының валюталарды сатып алу-сату бағамының негізсіз жоғары маржасын құруға жол бермеу үшін қабылданған шұғыл шаралар.

Теңге еркін айналымға жіберілді

Дүйсенбі, 16 наурызда Ұлттық банк нарықтық жағдайды ескере отырып, инфляциялық таргеттеу саясатына сәйкес еркін айырбас арқылы тепе-теңдік бағамын қалыптастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Осыдан кейін ұлттық валютаның долларға шаққандағы құны күрт құлдырады.

Оқи отырыңыз: Танымал сарапшы теңгенің рекордтық деңгейде құлдырайтынын болжады

Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жібергеннен кейін Қазақстандағы АҚШ валютасының бағасы өсті. Егер бұған дейін биржаларда доллар 407-410,5 теңге болса, Ұлттық банк мәлімдемесінен кейін оның бағасы 440 долларға дейін көтерілді.

Мұнай нарығы құлдырады

Мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуі әлі де жалғасуда. Дүйсенбіде Лондонның ICE биржасындағы сауда барысында Brent маркалы мұнайға мамыр айына фьючерстердің бағасы барреліне 25,13 долларды құрап, 8,22%-ке төмендеді. WTI маркалы мұнай фьючерстерінің құны 9,89% – барреліне 21,32 долларға дейін төмендеді.

Әлемде коронавирусты жұқтырған адамдар санының өсуі мен аурудың жаңа ошақтарының пайда болуы мұнай бағасына жағымсыз әсер етуде.