НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз – Sputnik. Елордалық "Сапаржай" автовокзалында коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен Нұр-Сұлтаннан Шымкентке барған автобустың жолаушылары туралы мәліметтер жоқ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Иә, мен бұл оқиғадан (Шымкенттегі) хабардармын. Жолаушылар "Big Шанхай" (Нұр Сұлтандағы базар – Sputnik) базарынан шыққан. Біз деректерді қарастырдық, бірақ бізде ешқандай ақпарат жоқ. Автобус автовокзал арқылы емес, "Шанхай" арқылы өтіп кеткен сияқты. Ол жердегілер астыртын жолаушы тасымалымен айналысады, олар бізге тиесілі емес", – деді "Сапаржай" жолаушылар тасымалы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Қуандық Қапанов Sputnik тілшісіне.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысының кіреберісіне блок бекеттер орнатылды
Сондай-ақ, ол "Сапаржай" автовокзалынан шыққан жолаушының барлығы тіркелетіндігін айтады.
"Билеттерді сатқан кезде бүкіл мәлімет жазылады: жеке куәлік нөмірі, аты-жөні, тіпті жолаушылардың телефон нөмірі", – деді Қапанов.
Айта кетейік, коронавирус жұқтырған ер адамның елордадан Шымкент қаласына автобуспен барғаны белгілі болды.
"Онымен байланысқан барлық адамдар табылды әрі қазір олар оқшауланды", – деді Шымкент қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бастығы, Шымкенттің бас санитар дәрігері Әбдіманат Төлебаев.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Sputnik Қазақстанға науқаспен байланыста болғандардың барлығы қалай анықталғаны туралы нақты ақпаратты кейінірек айтуға уәде етті.
19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтанда карантин жарияланды: барлық қалааралық тасымалдауға тыйым салынды.
Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда 79 адам коронавирус жұқтырды.