Өңірлер

Қызылордада WhatsApp арқылы хабарлама таратқан әйелдердің басы бәлеге қалды

Коронавирус туралы жалған ақпарат таратқаны үшін олар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 наурыз – Sputnik. Қызылорда облысының екі тұрғыны әлеуметтік желі арқылы аймақта коронавирус жұқтыру оқиғалары болғандығы туралы жалған ақпарат таратқан. Қазір олар қамауға алынды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері WhatsApp желісі арқылы жалған ақпарат таратқан 62 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны мен 32 жастағы Жаңақорған ауданының тұрғынын ұстады. Жалған хабарламада аймақта коронавирус жұқтыру оқиғалары бар екені туралы айтылған.

"Тексерілмеген ақпаратты таратпау туралы көптеген ескертуге қарамастан, полиция тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызған жалған ақпарат таратқан екі адамды анықтады", – деді Қызылорда облыстық полиция департаменті.

Кінәлілер өз қатесін толық мойындап, өкініш білдірген.

Қылмыстық кодекстің 274-бабы, 4-тармағына сәйкес (төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жайлы жалған ақпарат таратқан әйел қамалды

Полиция ел азаматтарына арандатушылық ақпаратты анықтау үшін күн сайын әлеуметтік желілер бақыланып отыратындығын ескертеді.

Айта кету керек, Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Бұған дейін қазақстандықтар әлеуметтік желілер арқылы тараған Алматыдағы "дезинфекциялаушы-қарақшылар" туралы ақпараттық хабарламаға алаңдаушылық танытқан болатын.