НҰР-СҰЛТАН, 24 наурыз – Sputnik. Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны тағы бір жағдайға артты. Сырқаттанған адам қазір Алматы қаласында. Осылайша, қалада ауруға душар болғандар саны 29 адамға жетті.
Айта кетейік, бүгін таңертең ғана Нұр-Сұлтан қаласында екі, Алматы қаласында екі оқиға тіркелгені хабарланған болатын.
Қазақстан бойынша коронавирус дертіне шалдыққандар саны 67 адамға жетті. Оның 34-і Нұр-Сұлтанда, 29-ы Алматыда, 2-і Қарағандыда, 1-і Алматы облысында және 1 жағдай Ақтөбе облысында тіркелген.
Қазақстандағы коронавирус
Елімізде коронавирусқа шалдығудың алғашқы екі жағдайы 13 наурызда тіркелді. 16 наурыз күні елде төтенше жағдай режимі енгізілді. 19 наурызда Алматы мен астана карантинге жабылды.
Төтенше жағдай қашан аяқталады
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстанда әлі бұл вирусқа шалдығудың шыңы тіркелмегенін айтты. Сондықтан билік екі қалада карантиннің аяқталу мерзімін нақты айта алмайды. Абаевтың айтуынша, карантин тезірек аяқталуы үшін дәрігерлердің талабын орындау керек.