Экономика

Тоқаев тапсырмасы: қазақстандықтардың кредит және салық төлемі кейінге шегеріледі

Президент шағын және орта бизнесті үш ай мерзімге салық және өзге де міндетті төлемдерден босату керек екенін айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде дағдарыстан зардап шеккен халықтың кредитін өтеуін тоқтата тұруды тапсырды.

"Мен банктердің жағдайға түсіністік танытады деп ойлаймын", – деп атап өтті Тоқаев.

Қазақстан президентінің сөзіне қарағанда, азаматтардың қаржылық жағдайы нашарланда, олар кепілсіз несиелер үшін банктік емес сектордың көмегіне жүгінеді. Ломбардтарға, интернет-несие берушілер мен микроқаржылық компаниялардан ақша алуға мәжбүр болады.

"Бұл ретте халықты алаяқтықтан сақтандырып, салада тәртіп орнатудың маңызы зор", – деді Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында.

"Біз "күшті дауылдың" куәсі болып отырмыз. Пандемия, мұнай супердержаваларының шайқасы және қор индекстерінің рекордтық төмендеуі соңғы жылдары жаһандық экономикалық жүйе теңгерімінің бұзылуына әкеп соқты", – деді мемлекет басшысы.

Президент мұндай жағдайда, бәсекеге қабілетті кәсіпкерлікке көмектесудің маңыздылығына тоқталды.

Ол төтенше жағдайдан зардап шеккендерді тез анықтап, тұрғындардың экономикалық сұранысын азайтып, оларды қолдау бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыру керек екенін айтты. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті ынталандыру мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.

"Шағын және орта бизнеске айыппұлдар мен өсімпұлдар төлемей, салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің барлық түрін төлеуді 3 айға кейінге қалдыруды ұсыну қажет деп санаймын", – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік тауарларына қосымша құн салығын уақытша төмендету, маңызды импортқа кедендік баждарды жою және тағы басқа шараларды қарастыру қажет.

"Бұл жұмыс бір апта ішінде жүзеге асуы тиіс", – деді президент.

16 наурыздан бастап Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланды. 19 наурызда астана мен Алматы карантинге жабылды.