НҰР-СҰЛТАН, 23 наурыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін қанша қаржы бөлінетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Салық преференциялары мен жергілікті деңгейдегі қолдауды қоспағанда, дағдарысқа қарсы шаралар жиынтығы 4,4 триллион теңгені немесе 10 миллиард долларды құрайды. Осы қаражатты дұрыс игерген соң, біз дағдарысқа қарсы күресте жеңіске жететініміз сөзсіз", – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, дағдарыс мемлекеттік аппарат пен отандық бизнестің қозғаушы күші болады.
"Осыдан алатын сабақтарды ескеруіміз керек. Сонымен қатар, жедел шаралардан басқа, жағдай тұрақтанғаннан кейін де жүйелі іс-шалар қабылдау керек. Шын мәнінде, біз мүлдем жаңа жаһандық әлемнің табалдырығында тұрмыз. Онда Қазақстан өзінің лайықты орнын табуы тиіс", – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Президент жағдайдың күрделілігіне қарамастан, еліміздің апатты жағдайдан алыс екенін баса айтты.
"Бізде барлық мүмкіндіктер мен резервтер бар. Бастысы, біз қолайсыз сценарийге дайындықты уақытында қолға алып, не істеу керектігін дұрыс түсіндік", – деді Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде табысын жоғалтқан қазақстандықтарға жәрдемақы төленеді
Президент сондай-ақ елдегі төтенше жағдай кезінде оқшаулау шараларын қатаңдатуды тапсырған еді.
Тоқаевтың төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінің толық мәтінін Ақорданың ресми сайтынан оқи аласыздар.